Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шерзаттың өліміне қатысты сот: судья істі прокуратураға қайтару туралы өтінішті орындамады

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі. Талдықорған, 29 мамыр 2025 жыл. Жоғарғы соттың телеграм-парақшасынан алынған.
16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі. Талдықорған, 29 мамыр 2025 жыл. Жоғарғы соттың телеграм-парақшасынан алынған.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жарыссөз 2 маусымда басталады. Бұл жөнінде бейсенбілік сот процесі кезінде айтылды.

Бейсенбі күні судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі прокуратураға қайтару туралы өтінішті орындамады. Мұндай өтінішті жәбірленуші жақ түсірді.

Олардың айтуынша, қылмысты "бір топ адам жасағанмен тек бір адамға ғана адам өлтіру айыбы тағылып отыр". Сондықтан олар істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Ал мемлекеттік айыптаушылар адвокаттармен келіспеді.

"Адам өлтіру" бабы бойынша айыпталған сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты жәбірленуші жақтың өтінішін қолдады.

"Мен жәбірленуші жақтың сөзін қолдаймын. Қазір шынымен де барлығы кінәні Шынасылдың мойнына артқысы келеді. Ешкім жауап бергісі келмейді. Мүмкін, сол кезде шындыққа жететін шығармыз" деді ол.

Судья өтінішті қанағаттандырған жоқ.

Шамамен екі апта бұрын осыған ұқсас өтінішті сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты айтқан еді. Оның сөзінше, іс материалдарында сотталушылар Нұрбол мен Азамат Тоқтаубаевты күдікті ретінде тану туралы сот қаулысы жоқ. Ал судья Ержан Жанұзақов процессуалдық құқықбұзушылық жоқ екенін айтып, өтінішті орындамаған.

Бейсенбі күні жәбірленуші жақтың адвокаттары сот процесінде Элмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдіні де "сотта жалған куәлік бергені үшін" жауапқа тартуды ұсынды: олар қылмыс болған күні сотталушылардың жанында болғанмен куәгер танылған. Осыған ұқсас өтініштер өзге де куәгерлер Арлан Қаскенов пен Юлдаш Рузбакиевке қатысты айтылды. Судья өтінішті ашық қалдырып, бұл мәселе үкімді шығарған кезде кеңесу бөлмесінде қаралады деді.

29 мамыр күнгі сот отырысы кезінде жәбірленуші жақ сотталушылардан материалдық және моральдық өтемақы өндіру туралы да азаматтық шағым түсірді. Жәбірлеуші жақ сотталушылардан моральдық өтемақы ретінде 660 млн теңге өндіруді талап етті. Адвокаттың сөзінше, азаматтық шағымға психологиялық сараптама негіз болған.

Сот жәбірленушілерді азаматтық талап қоюшылар деп таныды.

Қоғамда резонанс тудырған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот сәуір басында басталған. Істе 9 айыпталушы бар. Арасында кәмелетке толмаған бір жасөспірім де бар. Абзал Шынасылдан басқа сотталушыларға негізінен "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Сот Талдықорғанда өтіп жатыр. Ол онлайн трансляция арқылы аптаның сәрсенбі-бейсенбі күндері көрсетіліп жүр.

Басқа да жаңалықтар

Адвокат: Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты іс тоқтатылды

Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.
Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.

Алматы облысында белгісіз жағдайда қайтыс болған Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Мұны дүйсенбі, 4 тамыз күні отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.

"Нұрқанаттың ісі тоқтатылған. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтінішхат түсіретін боламыз", деп жазды заңгер Instagram-парақшасына.

Нұрқанат Ғайыпбаев – былтыр күзде Талғар қаласында топ адамның қатысуымен болған төбелес кезінде кісі қолынан мерт болған 16 жасар Шерзат Полаттың немере ағасы. Қоғамда үлкен резонанс тудырған жасөспірім қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақ тиіп, жарақат алған Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылған. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтірген еді. Ғайыпбаевтың қазасы бойынша тергеу басталған.

Тергеу жүргізгендер бұл істе қандай да бір қылмыс белгілері анықталған жоқ деп байлам жасаған. Алайда марқұмның туыстары оған келіспейді.

Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша айып тағылған тоғыз адамға биыл 5 маусымда үкім шыққан. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрмеге қамалды. Басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Сотталған тоғыздың арасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім сот кескен 1,5 жылдық қамау жазасын өтеп қойғандықтан биыл 23 шілде күні сот қаулысымен қамаудан босап шыққан.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған адамдардың арасында тек сол ғана апелляцияға жүгінбеген. Қалғандары үкімге келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Олардың шағымы бойынша апелляциялық сот отырысы 18 тамызда Алматы облыстық сотында өтпек.

Ғарышкер Талғат Мұсабаев дүниеден өтті

Ғарышкер Талғат Мұсабаев
Ғарышкер Талғат Мұсабаев

Қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден озды. Мұны 4 тамыз күні қазақстандық басылымдар хабарлады. Оның неден қайтыс болғаны әзірге айтылған жоқ.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет — 1994, 1998 және 2001 жылдары ұшқан. Ол 8 рет ашық космосқа шығып, онда жиынтығы 43 сағат 46 минут болған.

Мұсабаев 2000 жылдардың басында әскери авиация саласындағы жауынгерлік даярлық бөлімін басқарды, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясы басшысының орынбасары болды. 2005 жылы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен "Бәйтерек" жобасын басқарды.

Бұдан соң ол Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды. 2007 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарды.

2017 жылдан 2023 жылға дейін Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық қахарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты деп хабарлады Ақорда.

Йемен жағалауы маңындағы суда қайық аударылып, ондаған мигрант мерт болған

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Йемен жағалауына жақын маңда теңізде болған қайық апаты салдарынан кемінде 54 мигрант қаза тапқан. Бұл ақпаратты жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің өкіліне сүйеніп туралы Reuters агенттігі жазды.

Қайықта шамамен 150 адам болған. Олардан 10 адам құтқарылған, соның тоғызы – Эфиопиядан шыққандар. Ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен.

Қытайдың "Синьхуа" ақпарат агенттігі өз дереккөзіне сүйеніп, қайық сенбі, 2 шілде күні кешкі мезгілде қатты желдің салдарынан аударылған деп жазды. Жексенбі күні таңертең Шукра және Зинджибар қалалары маңындағы жағалаудан 20-дан астам адам өлі табылған. Қайықта болғандардан 12 адам тірі қалған деп жазды агенттік.

Халықаралық көші-қон ұйымының дерегі бойынша, былтыр өзге елдерден Йеменге 60 мыңнан астам мигрант барған.

Медиа: Батыс барлауы Ресей ұйымдастырған диверсиялар саны азайғанын айтып отыр

Балтық теңізінде НАТО миссиясы құрамында шолғын жасап жүрген эстон әскери кемесі (көрнекі сурет).
Балтық теңізінде НАТО миссиясы құрамында шолғын жасап жүрген эстон әскери кемесі (көрнекі сурет).

Батыстың барлау мекемелері Ресейдің арнаулы қызметтері ұйымдастырған деп болжанған диверсия әрекеттерінің саны азайғанын айтады. Мұндай ақпаратты еуропалық және америкалық ресми тұлғаларға сүйеніп, Bloomberg басылымы жазды.

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS) 2025 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі аралықта Ресейдің 11 бүлдіргі әрекетін тіркеген. Бұған Швециядағы талшықты-оптикалық кабельдер мен ұялы байланыс мұнараларын істен шығару әрекеттері де кіреді. Ал былтыр 30-дан астам осындай оқиғалар болған – олардың қатарында энергетика, байланыс, көлік, әскери нысандар, су инфрақұрылымы мен суасты нысандарына жасалған шабуылдар бар.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Ресейдің диверсия әрекеттері 2024 жылдың күзіне қарай азая бастаған. Оған дейін АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары ресейлік әріптестерін жаңа операциялар жасап жүрмеуді ескерткен деп жазды агенттік. Ондай ескерту DHL логистика орталықтарында – Бирмингемде, Лейпцигте және Варшава маңында болған күмәнді өрттерден кейін және АҚШ-қа ұшатын жүк ұшақтарына диверсанттар жарылғыш зат қоюы мүмкін деген хабарлардан соң жасалған. Ол кезде ресейліктерге Вашингтон тарапынан ескерту жасалғаны жайлы The New York Times басылымы да жазған еді.

Bloomberg дереккөздері диверсиялық әрекеттердің азаюын екі негізгі фактормен түсіндіреді. Біріншіден – орындаушылар өте сенімсіз болғандықтан, гибрид операцияларды тиімді түрде басқарудың мүмкін болмауы. Екіншіден – бұған Дональд Трамптың президенттік мерзімінің алғашқы айларында АҚШ-тың ашуына тимеген жөн деген саяси есеп те себеп болуы мүмкін.

Кремль Bloomberg жолдаған сауалға жауап бермеді. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропадағы ресейлік диверсиялар туралы хабарларды "мүлдем негізсіз" деп атаған.

Камчаткада Крашенинников жанартауы оянды

Крашенинников жанартауының оянуы. 3 тамыз, 2025 жыл (Фото: Кроноцкий қорығы/Артём Шелдовицкий)
Крашенинников жанартауының оянуы. 3 тамыз, 2025 жыл (Фото: Кроноцкий қорығы/Артём Шелдовицкий)

Ғалымдар Камчаткадағы Крашенинников жанартауы араға бәленбай ғасыр салып қайта оянғанын айтып отыр. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Вулканология және сейсмология институты жанындағы жанартау атқылауын тіркейтін Камчатка тобы (KVERT) хабарлады.

Крашенинников жанартауы 2 тамыз күні сағат 16:50-де (жергілікті уақыт бойынша 3 тамыз, таңғы 4:50) оянған. Жанартаудан шыққан күл төрт километр биікке дейін көтерілген. KVERT мәліметінше, бұған дейін осы жанартаудың атқылауы 1463 жылы тіркелген екен.

Кроноцкий қорығы өкілдерінің айтуынша, жанартаудан көкке ұшқан күл 5-6 шақырымға дейін жайылып, кейбір аумақтарды күл басқан. Алайда елді мекендер зардап шекпеген – көкте бұлт тәрізді жайылған күл елдімекендерден алшақ аумақтарға жеткен, деп хабарлады Камчатка өлкесінің төтенше жағдайлар қызметі.

Крашенинников жанартауы Камчаткада жер өте қатты сілкінгеннен кейін оянды. 30 шілде күні магнитудасы 8,8-ге жеткен аса күшті жер сілкінісінің эпицентрі Петропавловск-Камчатский қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 200 шақырым жерде болған. Мұншама күшті жер сілкінісі осы өңірде 1952 жылдан бері алғаш рет тіркелді.

Шығыс жанартау белдеуіне жататын Крашенинников жанартауы Кроноцкое көлінен оңтүстікке қарай шамамен 13 шақырым, ал Петропавловск-Камчатский қаласынан 200 шақырым қашықта орналасқан. Жанартау ең биік басы — 1856 метр. Ол Камчатканы алғаш зерттегендердің бірі — Степан Крашенинниковтың құрметіне аталған.

Трамптың кеңесшісі Үндістанды Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қаржыландырды деп айыптады

Стивен Миллер
Стивен Миллер

Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллер Ресей мұнайын сатып алып отырған Үндістанды Ресейдің Украинаға қарсы соғысын жанама түрде қаржыландырып отыр деп айыптады. Бұл жайында Reuters агенттігі жазды.

"Ол [АҚШ президенті Дональд Трамп] өте анық айтқан нәрсе – Үндістан үшін Ресейден мұнай сатып алып, бұл соғысты қаржыландыруды жалғастырудың жөні жоқ", – деді Миллер Fox News телеарнасы эфирі кезінде.

Соның қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары Үндістан үкіметіндегі дереккөздердің айтқанына сүйеніп, Дональд Трамптың қосалқы санкциялар енгізетіні жайлы айтқан ескертуіне қарамастан, Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырмақ деп хабарлаған.

  • 14 шілде күні Дональд Трамп егер Ресей Украинамен бейбіт келісімге келмесе, Ресей мұнайын сатып алатын елдерге 100 пайыздық кеден бажы енгізіледі деп мәлімдеген.
  • 30 шілдеде АҚШ президенті Үндістанға қатысты 25 пайыздық импорт бажын енгізетінін жариялады. Ол мұндай шешім қабылдаудың өзге себептеріне қоса, Үндістан Ресейден әскери техника мен энергия ресурстарын сатып алып отырғандықтан деп түсіндірді.
  • Қазір Үндістанға ең ірі көлемде мұнай жеткізіп жатқан ел – Ресей, Үндістанға сырттар баратын мұнайдың шамамен 35 пайызы Ресейге тиесілі.
  • Reuters деректеріне сүйенсек, биыл қаңтар мен маусым айлары аралығында Үндістан күн сайын шамамен 1,75 миллион баррель Ресей мұнайын алған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1 пайыз артық.

Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады

Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады. Эстонияны ресейлік Ивангородпен жалғайтын Нарвадағы Достық көпірінде ірі металл қақпалар тұрғызылды деп хабарлады мемлекеттік ERR телерадиохабар тарату кешені.

Бұл Эстония аумағына рұқсатсыз енуден қорғайтын алғашқы қауіпсіздік жүйесі. Қазіргі кезде қақпа көпірдің автомобиль жолы бөлігін жауып тұр.

Алдағы уақытта осыған ұқсас бөгеттер жаяу жүргіншілер бөлігіне де орнатылмақ. Олар қажет жағдайда шекара бекеті аумағына көлікті кіргізбейді және шығатын көліктердің де жолын жауып тастай алады.

Нарва шекара бекетінің жетекшісі Антти Ээнсалудың сөзінше, бес жыл бұрын Ресей жағынан келетін көліктер сол кездердегі бөгеттерді бұзып өткен. Оның айтуынша, енді жаңа қақпа оған жол бермейді және көпірдегі жағдайды да жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді.

Көпірдің Ресей жағында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр – ол жақта жаңа көлік шекара пункті құрылған.

ERR-дың жазуынша, 2025 жылы күзде Эстония Ресеймен шекараның барлық бөлігін нығайтуға кіріседі. Инженерлік топ өкілі Айнар Афанасьевтің сөзінше, құрылыс барысында қарулы жанжалдардан алынған тәжірибелер де ескерілмек: қатер төнген жағдайда инженерлер мина аймағын пайдалануды, сонымен бірге көпір мен құбырларды жаруды жоспарлауы мүмкін.

Reuters: Үндістан Ресей мұнайынан бас тартқан жоқ

АҚШ президенті Дональд Трамптың жанама санкция туралы ескертуіне қарамастан Үндістан Ресей мұнайын сатып ала береді. Бұл жөнінде Үндістан үкіметіндегі екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Агенттік дереккөздерінің бірінің айтуынша, бұл ұзақмерзімді байланыс және "сатып алуды тез тоқтата салу оңай емес".

14 шілдеде Дональд Трамп Ресей Украинамен келісімге келмесе, Ресей мұнайын сатып алатын елдерге жүз пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген. 30 шілдеде Америка президенті Ресейден әскери техника мен шикізат сатып алатын Үндістанға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін хабарлаған.

Шілде соңында Трамп Кремльге Украинамен келісімге келуге бұрын айтқандай 50 күн емес, 10-12 күн беретінін айтқан. Киев соғысты ешқандай қосымша шартсыз тоқтатуға дайын екенін білдірген. Ал Мәскеу бұл ұсыныстарды қабылдамайды.

Үндістанға тасымалданатын мұнай көлемінің 35 пайызын Ресей қамтамасыз етеді. Reuters мәліметінше, биыл қаңтар-маусымда Үндістан күніне шамамен 1,75 млн Ресей мұнайын тасымалдаған, бұл былтырмен салыстырғанда 1% көп.

Қазақстан энергетика министрлігі "Орта Азия - Орталық" құбыры арқылы газ тасымалдау тоқтамағанын мәлімдеді

Қазақстан энергетика министрлігі "Орта Азия - Орталық" құбыры арқылы газ тасымалдау тоқтамағанын мәлімдеді.

"Қазақстан аумағында газ қалыпты режимде тасымалданып жатыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жұмысы бұзылған жоқ. Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға табиғи газ белгіленген көлем мен кестеге сәйкес тасымалданып жатыр" деп мәлімдеді сенбі күні энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Украина ақпарат құралдары, арасында"РБК-Украина"да бар, Қазақстан аумағы арқылы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдайтын "Орта Азия - Орталық" газ құбырында жарылыстан кейін шикізат тасымалдау тоқтағанын жазған. Украиналық БАҚ-тың мәліметінше, 2 тамызда Ресейдің Волгоград облысында украиналық дрондардың шабуылы салдарынан газ құбырында жарылыс болған. Жарылыс туралы хабардан кейін Нехаев ауданы Диномовск ауылына құқық қорғау органдары, жөндеу бригадасының өкілдері бар.

"Орта Азия - Орталық" – совет кезінде Орталық Азия елдерінен Ресейге табиғи газ тасымалдау үшін төселген магистралды газ құбыры жүйесі. 2023 жылдың күзінен бастап сол құбыр арқылы Ресейден Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдана бастады. Газдың бір бөлігі Қазақстанға – ішні нарықтағы тапшылықты толтыру үшін тасымалданады.

2023 жылы 1.3 млрд текшеметр газ тасымалданса, былтыр осы көлемді 4 млрд текшеметрге жеткізу жоспарланған.

Вашингтон Бакумен Әзербайжан және Орталық Азия елдерін Авраам келісіміне қосу мәселесін талқылап жатыр

АҚШ президентінің кеңсесі Бакумен бірге Израильмен қарым-қатынасты тереңдету мақсатында Әзербайжан және Орталық Азиядағы кейбір одақтастарын Авраам келісіміне қосу мәселесін қызу талқылады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.

Дональд Трамптың алғашқы президенттігі тұсында осы келісім аясында басым көпшілігі мұсылмандардан құралған төрт мемлекет АҚШ-тың араағайындық етуімен Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтірген.

Әзербайжан және Орталық Азия елдері Израильмен көп жыл бұрын қарым-қатынас орнатқан және егер олар келісімге қосылса, бұл қадамның негізінен символдық сипаты болады және сауда мен әскери әріптестікті нығайтуға бағытталған деді Reuters дереккөздері.

Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф наурызда Бакуге барып, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен. Кейін Бакуге Авраам келісімін талқылау үшін Уиткоффтың көмекшісі Арье Лайтстоун барған.

Талқылау кезінде әзербайжан шенеуніктері келісімге қосылуға "мүдделері бар-жоғын білу үшін" Орталық Азия елдерінің ресми тұлғаларына, оның ішінде Қазақстан да бар, хабарласқан. Дереккөздің айтуынша, бұл мәселе бойынша Қазақстаннан бөлек Орталық Азияның тағы қандай елдерімен байланыс орнатылғаны белгісіз.

АҚШ мемлекеттік департаменті Reuters агенттігіне Орталық Азияның нақты қай елдерімен мәселе талқыланғанын айтпаған, бірақ келісімді кеңейту Трамптың негізгі жоспарларының бірі екенін растаған. "Көбірек елді тартуға күш салып отырмыз" деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.

Әзербайжан үкіметі түсініктеме беруден бас тартты. Ақ үй, Израиль мен Қазақстанның АҚШ-тағы өкілдіктері де ресми сауалға жауап бермеген.

БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан қол қойған Авраам келісімі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді көздейді.

Бірқатар араб елдері келісімнен бас тартқан. Сауд Арабиясы Израиль Палестина мемлекетін мойындамайынша Израильді мойындамайтынын айтқан. Израиль әскерінің операциясы салдарынан адам өлімі артып, гуманитарлық көмек бұғатталғандықтан Газаны аштық жайлауына араб елдері наразы болған. Осы жайт мұсылман елдерінің келісімге қосылуын қиындатып отыр.

Ресей үкіметі мигранттарды орыс тілі емтиханынан кейін ғана жұмысқа орналастыруды ұсынды

Ресей еңбек министрлігі Ресей азаматтарымен қарым-қатынас жасауды талап ететін жұмыстарға орыс тілін білмейтін шетел жұмысшыларын жалдауға тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Мәселе атап айтқанда, жүргізушілер мен сатушылар, медицина қызметкерлері жөнінде болып отыр деп жазды ведомствоның баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агенттігі.

Агенттіктің жазуынша, мәселе Ресеймен визалық режим орнатқан Қытай, Үндістан, Түркия және өзге де елдерден келетін мигранттар жөнінде болып отыр.

Ресейдегі мигранттардың едәуір бөлігі Орталық Азия елдерінен келген, бұл елдермен визасыз режим орнаған. Десе де, бұл елдердің азаматтарында да жұмыс істеу патентіне ие болу үшін өзге құжаттармен қатар орыс тілі емтиханының сертификаты болуы керек.

Ал алдағы уақытта еңбек министрлігі қайтадан орыс тілін міндеттейін деп отырған мигранттарға келсек, олар визалық режим орнаған елдерден квотамен келеді. Квота жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес рәсімделеді.

Биыл шілде соңында мемлекеттік дума осындай мигранттарды тіл емтиханынан босататын заң жобасын қабылдаған. Бірақ құжатты спикер Вячеслав Володин сынап, "халықпен қарым-қатынас жасауға тиіс жүргізуші, сатушы сияқты мамандық иелері тіл білуі керек қой" деген. Аталған заң жобасы осы мәлімдемеге орай әзірленген. Дума оны күзгі сессияда қарайды.

ҚазТАГ дереккөзі: көлік вице-министрі ұсталды

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ұсталды деп хабарлады құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

Вице-министр ұсталғанын растаған дереккөз дегенмен жай-жапсарын айтпаған. Бұған дейін бірқатар телеграм-арналар шенеунік "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдікке ілінгенін жазған. Kozachkov offside арнасы тергеу "автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыспен" байланысты деп хабарлады.

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі ҚазТАГ агенттігіне вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған жоқ және жоққа да шығармаған. Сенбі күні Азаттық та көлік министрлігінен жауап ала алған жоқ. Ведомствоның ресми сайтында Аблалиев вице-министр ретінде көрсетілген.

Аблалиев көлік вице-министрі қызметін 2023 жылдың қазанынан бастап атқарып келеді. 54 жастағы шенеунік оған дейін шамамен екі жыл Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.

Трамп Медведевтің "АҚШ-Ресей соғысы" туралы сөзінен кейін екі сүңгуір қайықты орналастыруға бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің "Ресей-АҚШ арасындағы соғыс ықтималдығы туралы" сөзіне жауап ретінде "тиісті аумаққа" екі сүңгуір қайығын орналастыру туралы бұйрық берді. Болжам бойынша, мәселе Ресеймен соғыс тұтанған жағдайда атом оқтұмсығы бар ракеталарды ұшыратын аумаққа сүңгуір қайықтарды жіберу жөнінде болып отыр.

"[Медведевтің] ақымақ және азғындаушы мәлімдемелері жәй сөз емес, одан да ірі нәрсе болып жүрмесін деп тиісті аумаққа екі ядролық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырдым. Сөздің үлкен мәнісі бар және көп жағдайда салдарын алдын ала болжау қиын. Нақты жағдайда бұл бола қоймас деп үміттенемін" деп жазды Трамп Truth желісінде.

Жуырда Медведев әлеуметтік желіде Трампқа қайырылып, оның Ресейге қатысты ультиматумдары "соғысқа қадам" болуы мүмкін екенін айтқан. Ол Трампты АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің жолымен жүрмеуге шақырған. Мәскеу Байденді Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырды деп айыптаған.

Маусымда Трамп Truth желісінде Медведевтің өзге елдер Иранға ядролық қару беруге дайын деген сөзіне реакция білдіріп, америкалық сүңгуір қайықтарды мақтаған.

"Біздің ең қуатты қаруымыз - атом сүңгуір қайықтары қалғандардан 20 жыл алда тұр. Бұл бұрын-соңды жасалған қарулардың ең қуаттысы" деп жазды Трамп. Бұған жауап жазған Медведев [Иранға] қаруды Ресей береді деп меңземегенін айтқан.

Екі саясаткер кейінгі күндері бір-біріне қарата мәлімдемелер жасап келе жатыр.

РБК-ның жазуынша, Трамптың жазбасынан кейін Мәскеу биржасының индексі күрт төмендеп, ал Brent маркалы мұнай қымбаттап, бір баррелі 70 доллардан асты.

Әзербайжан басылымы Калининградты Кенигсберг деп атады

Әзербайжанның Minval басылымында Ресейдің Калининград қаласы Кенигсберг ретінде аталған. Мысалы, сондағы жаңалықтардың бірі "Ресей Кенигсбергте С-400 және соққы жүйелерін орналастарды" деп аталады.

Басылым ТАСС агенттігінің Қарабақтағы Ханкенд қаласында суретші Иван Айвазовскийдің ескерткіші бұзылғаны туралы жаңалыққа осылайша реакция білдірді. Ресейлік агенттік жаңалықта советтік топонимдер қолданған - Қарабақтың орнына Таулы Қарабақ және Ханкендтің орнына Степанакерт атауын пайдаланған.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі протест білдіріп, ТАСС-тан мәтінді түзеуді талап етті.

Әзербайжанның АЗЕРТАДЖ мемлекеттік агенттігі Әзербайжан да ресейлік қалалардың тарихи немесе түрік атауларын пайдалана бастайды деп мәлімдеді – мысалы, Калининградтың орнына – Кенигсберг, Оренбургтың орнына - Орынбор, Волгоградтың орнына – Сарысу.

Баку сынынан кейін ТАСС Степанакертті Таулы Қарабақ қылып өзгертті. Ізінше қосымша өзгерту енгізіп, тақырыпта Қарабақ, мәтінде "Ханкенд" атауларын қолданды.

Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. 2020 жылы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін өз бақылауына алған.

2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақта әскери операция бастап, аймақты толық басып алды. Жүздеген мың армян баспанасын тастап, қашып кеткен. Таулы Қарабақ жетекшісі Самвел Шахраманян 28 қыркүйекте жікшіл "республика" 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатыны туралы жарлыққа қол қойған.

Иван Айвазовскийге (Ованнес Айвазян) ескерткіш 2021 жылы ресейлік бітімгерлердің қатысуымен орнатылған. Ресейлік бітімгерлер 2020 жылы Қарабақта атыс тоқтағаннан кейін сол жаққа орналастырылған еді. Бакудің айтуынша, ескерткіш заңға қайшы орнатылған.

Ресей президентінің халықаралық мәдени әріптестік жөніндегі өкілі Михаил Швыдкой өкініш білдіріп, "ескерткіштермен күресті" тоқтатуға шақырған. Мәскеу аннексиялап алған Қырым жетекшісі Сергей Аксенов Әзербайжан сүріп тастаған ескерткішті өздерінде орнатуға дайын екенін мәлімдеген.

Айвазовскийдің ескерткішінің бұзылғаны жөнінде хабар Баку мен Мәскеу арасы 27 шілдеде Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының өкілі ұсталғаннан кейін суыған шақта тараған. Рейд кезінде екі адам қаза болған. Әзербайжан сараптамасының қорытындысы бойынша, олар ұстау кезінде алған жарақаттан қаза болған.

Әзербайжанда есірткінің заңсыз айналысы және киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ресей азаматтары да ұсталған.

Журналистер Украинада Ресей жағында соғысып қаза болған кемінде 121 507 адамның аты-жөнін жариялады

"Медиазона", BBC-дің Орыс қызметі және еріктілер ашық дереккөздерге сүйене отырып, Украинада Ресей жағында соғысып қаза болған кемінде 121 507 адамның аты-жөнін жариялады.

"Медиазона" мұрагерлік істерге сүйене отырып, ресейліктер арасындағы "шамадан көп адам өлімін" зерттеді. (Методолгиясымен мына жерде танысуға болады). Есепке сүйенсек, қаза болғандардың саны шамамен 165 мыңға жуықтайды.

Соғыста қаза болғандардың барлығының деректері ашық дереккөздерде жариялана бермейді, ал жарияланған деректердің барлығын еріктілер мен журналистер табады деп айту қиын. Демек, Ресей әскері арасындағы адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал.

Ресей мен Украина соғыста қаза болған әскерінің санын айтпайды. Осыған ұқсас украиналық жоба украин әскері кемінде 145 800 адамынан айырылды деп санайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG