Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллер Ресей мұнайын сатып алып отырған Үндістанды Ресейдің Украинаға қарсы соғысын жанама түрде қаржыландырып отыр деп айыптады. Бұл жайында Reuters агенттігі жазды.
"Ол [АҚШ президенті Дональд Трамп] өте анық айтқан нәрсе – Үндістан үшін Ресейден мұнай сатып алып, бұл соғысты қаржыландыруды жалғастырудың жөні жоқ", – деді Миллер Fox News телеарнасы эфирі кезінде.
Соның қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары Үндістан үкіметіндегі дереккөздердің айтқанына сүйеніп, Дональд Трамптың қосалқы санкциялар енгізетіні жайлы айтқан ескертуіне қарамастан, Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырмақ деп хабарлаған.
- 14 шілде күні Дональд Трамп егер Ресей Украинамен бейбіт келісімге келмесе, Ресей мұнайын сатып алатын елдерге 100 пайыздық кеден бажы енгізіледі деп мәлімдеген.
- 30 шілдеде АҚШ президенті Үндістанға қатысты 25 пайыздық импорт бажын енгізетінін жариялады. Ол мұндай шешім қабылдаудың өзге себептеріне қоса, Үндістан Ресейден әскери техника мен энергия ресурстарын сатып алып отырғандықтан деп түсіндірді.
- Қазір Үндістанға ең ірі көлемде мұнай жеткізіп жатқан ел – Ресей, Үндістанға сырттар баратын мұнайдың шамамен 35 пайызы Ресейге тиесілі.
- Reuters деректеріне сүйенсек, биыл қаңтар мен маусым айлары аралығында Үндістан күн сайын шамамен 1,75 миллион баррель Ресей мұнайын алған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1 пайыз артық.