Ресейде дағыстандық оқушыны азаптап, келісімшартқа қол қойғызған. Ол соғыста хабарсыз кетті

Саид Муртазалиев

Дағыстанда туып өскен 18 жастағы Саид Муртазалиев биыл қаңтардағы қысқы демалыста Мәскеуге барған кезде полиция оны достарымен бірге ұстаған. Саидқа әлдебір қылмысты таңып, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға мәжбүрлеген. Анасының сөзінше, оқушыға қоқан-лоқы көрсетіп, аязда тастай су шашып, противогаз кигізіп, ұрып-соққан.

Саид туыстарына соңғы рет наурызда хабарласқан – содан бері анасы әскери мекемелерден қанша сұраса да, ұлының қай жерде екенін біле алмай отыр.

"Сол күйі мектепті аяқтаған жоқ!"

Махачқаладағы мектеп түлектерінің бірі Саид Муртазалиев мектепті сол күйі аяқтамады – биыл қаңтарда достарымен бірге Мәскеуге қыдырып барған ол сол кеткеннен мол кетті.

"Оларды нақты не үшін айыптағанын білмеймін, себебі полицейлер оларға еш нәрсені түсіндірмеген. Бар білетінім – 159-баптың 1-бөлігі – алаяқтық, сенімді пайдалану. 17-18 жастағы оқушылар қандай алаяқтық жасауы мүмкін? Дәмханаға ақша төлемеді ме?!" – дейді анасы Лейла Нахшунова.

Оқушының ұсталғанын полицейлер туыстарына бірден хабарламаған. Лейла ұлын тапқан кезде оның бөлімшеде азапталғанын естіген.

Саид Муртазалиев анасымен бірге. Жеке архивтен алынған.

– Оларды ұстағаннан кейін бірнеше күннен соң балаларды келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Үшінші күні адвокат жіберіп, келісімшартқа қол қоймасын дедік. Бірақ кеш болып шықты. Саидтың айтуынша, оны ұзақ азаптағаннан кейін келісімшартқа қол қойған – оны противогаз кигізіп азаптаған, тастай су шашқан, ұрып-соққан. Қатты азаптағаны соншалық, тергеу кезінде есінен танып қалған – есінен танып қалсын деп әдейі жүректің маңайынан басқан, мұндай азаптаудан із қалмайды. Әрине, азаптағаннан кейін келісімшартқа қол қойды. Ол мүлдем әскерге баруды ойламаған. Әскери билеті де жоқ. Бала ғой! Мектепті бітірмей кеткен бала, – деді Лейла.

Шамамен бір аптадан кейін Саид Луганск облысына жіберілген.

Туыстарының айтуынша, Саид Муртазалиевті "соғысқа тартқандардың" арасында Шатура қаласының полиция бөлімшесінің тергеушісі 36 жастағы Надежда Забелкина да бар.

– Саидтың туыстары кейінірек естіді: ұсталғандар мен қамалғандарды соғысқа тарта алған тергеушілерге 100 мың рубль сыйақы беріледі екен. Баланы сол 100 мыңға "сатып жіберді", – дейді отбасының досы.

Оқушы Мәскеу әскери округындағы 272-мотоатқыштар полкінің шабуыл ротасына жіберілген.

– Бұл қаңтарда болған. Өтініш беруге болатын жердің барлығына өтініш түсірдік. Дабыл қақтық, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Шамамен екі айдан кейін ұлым әскери аймақта із-түзсіз жоғалды. Соңғы рет онымен 6 ай бұрын сөйлескенмін. 7 наурызда ол хабарласып, видеомәлімдеме жазыпты. Біз арыз-өтініштер мен соттардан ешқандай қайран жоғын түсініп, ашық айта бастасақ көмектесер деп ұйғардық. Саид өзін әскерде де азаптап жатқанын жазды – оның командирлері солдаттардан көп ақша талап еткен, есесіне оны және қасындағыларды шабуылға жібермеуге уәде еткен. Біз ақша жинап бердік, Саид төледі. Бірақ сонда да оны жіберді! – деді Лейла.

Туыстарының сөзінше, Саидтың "өмірі үшін" командиріне 1 миллион рубльден астам ақша берген.

– Ол өзінің "жалақысынан" 650 мың рубль берді, біз де қостық. Миллионның үстінде ақша болды. Бірақ бұл да көмектеспеді. Сібірден келген әлдебір лейтенант оны шабуылға жіберген. Себебі Саид ақша жинайды деп шағымданған, – деді Муртазалиевтің туыстарының бірі.

7 наурызда Саид анасына видео жіберген. Онда ол өздерін шабуылға жібермесін деп "полк командирінің бұйрығымен 1 млн 150 мың рубль жинағанын" айтқан.

– Осыдан кейін Саидқа оны куәгер ретінде "көзін жоятынын айтқан". Сол үшін "Алтай" және "Кило" деген лақап аттары бар офицерлер "Спартакқа" "Муртазалиевтің көзін құртуды" тапсырған. Ертесінде осы видео жарияланғаннан кейін Саид хабар-ошарсыз кетті деп ресми түрде жарияланды, – деді туыстарының бірі.

"Алтай" деген лақап аты бар аға лейтенант – 25 жастағы Михаил Прасолов – Алтайдағы Быстрый Исток ауылында туып өскен, мектептен кейін 2023 жылы Новосибирск жоғары әскери командалық училищеге оқуға түскен. Сол жылы Украинадағы соғысқа жіберіліп, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Нақты қандай "ерлік" жасағаны айтылмайды.

"Дождь" арнасының жазуынша, солдаттардың "көзін құртуға" қатысы бар Михаил Прасолов пен ондаған өзге командир қазір тергеуде, бірақ қамалмаған. "Олар әлі де майдан шебінде әскери тапсырмаларға қатысып жүр" деп жазды басылым.

2025 жылғы 8 наурыздан бері Саид Муртазалиев ресми түрде хабар-ошарсыз кеткендер санатына кірген.

"Адвокаттың айтуынша, ұлының командиріне қарсы қылмыстық іс қозғалған. 105-бап ("Адам өлтіру") бойынша. Бірақ Лейланы әзірге ешқайда – тергеуге де, сұрақ қоюға да шақырған жоқ", – деді туыстары.

"Украинада күштеп мобилизация жүріп жатыр, адамдарды ит сияқты көшеден аулап, ұстап әкетеді" деп мәлімдеді 13 мамыр күні "Іскер Ресей" қоғамдық ұйымы мүшелерімен кездесу кезінде Ресей президенті Владимир Путин. Ол бұл сөзін 2024 жылғы 19 желтоқсанда тікелей эфир кезінде де айтқан.

Алайда іс жүзінде ресейлік күштік құрылымдар, әскери комиссариаттар мен офицерлер мигранттар мен міндетті әскери борышын өтеп жүргендерді, тұтқындарды әскери келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп жатыр. Енді бұл тізімге оқушылар да ілінді.