Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады. Эстонияны ресейлік Ивангородпен жалғайтын Нарвадағы Достық көпірінде ірі металл қақпалар тұрғызылды деп хабарлады мемлекеттік ERR телерадиохабар тарату кешені.
Бұл Эстония аумағына рұқсатсыз енуден қорғайтын алғашқы қауіпсіздік жүйесі. Қазіргі кезде қақпа көпірдің автомобиль жолы бөлігін жауып тұр.
Алдағы уақытта осыған ұқсас бөгеттер жаяу жүргіншілер бөлігіне де орнатылмақ. Олар қажет жағдайда шекара бекеті аумағына көлікті кіргізбейді және шығатын көліктердің де жолын жауып тастай алады.
Нарва шекара бекетінің жетекшісі Антти Ээнсалудың сөзінше, бес жыл бұрын Ресей жағынан келетін көліктер сол кездердегі бөгеттерді бұзып өткен. Оның айтуынша, енді жаңа қақпа оған жол бермейді және көпірдегі жағдайды да жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді.
Көпірдің Ресей жағында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр – ол жақта жаңа көлік шекара пункті құрылған.
ERR-дың жазуынша, 2025 жылы күзде Эстония Ресеймен шекараның барлық бөлігін нығайтуға кіріседі. Инженерлік топ өкілі Айнар Афанасьевтің сөзінше, құрылыс барысында қарулы жанжалдардан алынған тәжірибелер де ескерілмек: қатер төнген жағдайда инженерлер мина аймағын пайдалануды, сонымен бірге көпір мен құбырларды жаруды жоспарлауы мүмкін.